Жағырапия

Әйтеке би ауданы - Ақтөбе облысындағы екі аудан-Комсомол (1966-1997) және Қарабұтақ (1936-1997) аудандарының таратылуына байланысты 1997 жылы құрылған, 15 селолық округтен, 32 мекен жайдан тұратын, Ырғыз өзені бойында орналасқан аудан. Аудан аймағы 35,9 мың шаршы шақырымды құрайтын Мұғалжар тауларының солтүстік –шығысында орналасқан жазықтықты алып жатыр. Шығысында- Қостанай облысының Жанкелді ауданымен, оңтүстік- шығысында -Ырғыз ауданымен, оңтүстүгінде -Шалқар ауданымен, оңтүстік-батысында- Мұғалжар ауданымен, солтүстүгінде-Хромтау ауданымен, солтүстік-шығысында -Ресей мемлекетімен және Қостанай облысының Алтынсарин ауданымен шектесіп жатыр. Аудан орталығы –Комсомол селосы облыс орталығынан 320 шақырым қашықтықта орналасқан. ҚР Президентінің 1997 жылғы 17 маусымдағы Жарлығымен бұрынғы Бөгеткөл ауданы Әйтеке би ауданы болып өзгертіліп, аудан аумағына Ақкөл, Аралтоғай, Қайрақты, Қызылжұлдыз, Қарабұтақ селолық округтері енгізілді. Аудан қазақ халқының атақты үш биінің бірі- Әйтеке би Байбекұлы есімімен аталды. Қысы қатты, жазы ыстық, климаты тым континенттік, ауа –райы құбылмалы. Қысы суық –25° С, кейде -30-35С жазы ыстық +22°С, кейде +30+35С жетеді . Жылдық орташа ылғалдылық 200 мм-ден 250мм құрайды. Жауынды жылдары орташа ылғалдылық 400мм жетеді.
Топырағы негізінен қара, қызыл қоңыр, құмақ, сортаң келеді. Бетеге, боз, бидайық, еркек, жусан, киікоты, изен, тобылғы, көкпек, қарақан, алабота өседі. Аудан территориясында өнеркәсіп мағынасындағы пайдалы қазба болып табылатын Карабұтақ селосынан 40 шақырым жерде орналасқан Алтынтас кен орны, Балаталдық мраморы, Бөгеткөл никель кен орны, Талдық кварц кен орны, Теректі ақ мрамор, Қайрақты гранит, Союзный каолин саз балшығы, Бенқала кобальтты - никельденген жез кендерінің көздері бар. Әйтеке би ауданы әртүрлі жануарлар әлемімен де бай өлке. Жергілікті қопаларда жабайы шошқа, далалықта киік, ақбөкен, қасқыр, түлкі, борсық, қарсақ, қоян, күзен, суыр өмір сүреді. Аудан аймағында құстардан қаз, үйрек, тырна, дуадақ, жылқышы, тауқұдірет, балықшы, қызғыш, қарақұс, жапалақ, бозторғай секілді құстар ,қызыл кітапқа енгізілген сұңқар, дала бүркіті,көкқұтан сияқты құстар да кездеседі. Өзендері: Ырғыз, Қарабұтақ, Қайрақты, Шолақ Қайрақты, Ұлы Талдық, Бала Талдық, Бақасайыс, Өлкейік, Қарақай, Толыбай. Көлдері: Қаракөл, Ақтасты, Сұлукөл, Әйке, Қамқа, Қоскөл, Шалбаркөл, Шонай, Белқопа, Шалқар-Қарашатау.
Биіктіктер: Тікелітау, Сарыоба, Қараадыр, Қарашатау, Жыландытөбе, Байқат, Тақтақ, Белгі.
Құмдары: Байжанкөл, Мамыт, Жиделі, Аққұм. Туристер үшін ескі Қарабұтақ, Үңгіртас, Шалқаркөл, Әйке көлі сияқты табиғаты керемет жерлері бар.