Спорт

Әйтеке би аудандық дене шынықтыру және спорт туралы мәлімет
Әйтеке биаудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі Комсомол аудандық Советінің 1966 жылғы 31 қаңтардағы № 60 шешімімен «Комсомол аудандық спорт комитеті» болып құрылды. Ал, 1997 жылы 16 маусымда Президенттің Жарлығымен Қарабұтақ және Комсомол аудандары қосылып, Әйтеке би ауданы болып аталған соң, Әйтеке би аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімі болып аталып, алдына ауданда дене тәрбиесі мен спортты дамыту, жан саламаттығын насихаттау, Президенттің мемлекетіміздің спорт саласындағы саясатын жүзеге асыру, халықтың спортпен айналысуына барынша жағдай жасау ісімен айналысу міндеті қойылды.
Бұрынғы Комсомол ізіндегі ауданда спорт бөлімін әр жылдары Галуцкий Валерий Федорович, Юльцан Дмитрий, Маңғытбаев Темірбек, Успанов Берік, Садиров Мұрат, Қыдырбаев Серғазы, Беспаев Сыдық, Ойнаров Асқар, Құрманов Руслан, Сулейменов Асхат, Муфтаков Асхат, Аяғанұлы Медет, Нажмадинов Нұрбол, Ермағанбетов Рустемдер басқарса, Қарабұтақ өңірінде спорт бөлімінің тізгінінде Дәрібаев Қанат, Юсупов Жұмажан, Көрғұлин Әбдімұрат, Абдулин Асылтай болды.
Аудан бойынша дене шынықтыру ұжымдарының саны – «193», ауданда икемделген балалар жасөспірімдер спорт мектебі бар. Аудан бойынша спортпен жүйелі айналысатындар саны – «7250» адам. Бұл аудан халқының 29 пайызын құрайды. Ауданда 3 стадион, 20 спорт залы, 30 спорт алаңдары, 5 хоккей корды, 1 ату тирі, 86 дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері, 18 спорт нұсқаушысы бар. 30 мектепте «4282» оқушы оқиды, соның ішінде «4700» бала спортпен жүйелі шұғылданады. Бұл мектеп оқушыларының 100 пайызын құрайды. Балалар жасөспірімдер спорт мектебі 1974 жылдың 4 наурызынан бері жұмыс жасап келеді. Бірінші директоры Әмірбеков Бауыржан. Бұл спорт мектебінде «442» оқушы, «35» топта дайындалады. Спорт мектебінде «18» жаттықтырушы қызмет етеді. Олар оқушыларды қазақ күресі, дзюдо, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, волейбол, футбол, армрестлинг сияқты «7» спорт түрлерінен дайындайды.
Ауданда әр жылдары бір ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, бір ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, үш ұлттық дәрежедегі төреші, «20» спорт шебері, «25» спорт шеберлігіне кандидаттар, «140» екінші, үшінші разрядты спортшылар даярланған. Ауданда қазақ күресі, футбол, волейбол, тоғызқұмалақ ерекше дамып жас спортшыларымыз облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстардан жүлделі оралып жүр. Әрине «жоқтан бар пайда болмайды дегендей кешегі буын қазақ күресінен спорт шебері Төлеутаев Зейнолла, Дербісалин Аманғос, Сақтағанов Советбек, Жаулыбаев Амангелді, Сулейменов Абзал, Алмағамбетов Батырбек, Байғожин Жарбол, еркін күрестен спорт шебері Снадинов Шыңбай, шеберлікке кандидаттар Исатаев Бақыт, Бекпанов Айдолла, грек-рим күрестерінен спорт шебері Төлепбергенов Арыстан сияқты спорт ардагерлерінің өнегесі ауданда күрестің дамуына ерекше серпін берді. Жас буын спортшыларды дайындауда, баулуда Жармедетов Әсет, Байниязов Әміржан, Жұбатқанов Ерлан, Ахмедияр Данияр, Сулейменов Шыңғыс, Сейткалиев Айбек, Айтбай Төлеген, Естаев Жанболат т.б. жаттықтырушылар табандылықпен еңбек етіп келеді. Сол тынымсыз төгілген тер, жылдар бойғы үздіксіз жұмыстың нәтежесінде ел, облыс, аудан мерейін көтеретін талантты спортшылар шықты. Қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, қазақ күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы, Азия біріншілігінің үш мәрте жеңімпазы Қисықов Бақтыбай, Азия чемпионатының қола жүлдегері, спорт көгінен ерте аққан қас талант Байниязов Ғалымжан, грек-рим күресінен Азия құрлығы бірншілігінің жеңімпазы Баймұратов Айдос, белбеу күресінен Азия чемпионатының жеңімпазы Айнадин Мұрат, белбеу күресінен Әлем чемпионатының жүлдегері Әлқуаныш Бағдат, белбеу күресінен Әлем чемпионатының жеңімпазы Буранбаев Санжар. Облыстық, республикалық біріншіліктерінде биік тұғырдан көрініп жүрген Бақыт Бауыржан, Акпалинов Максат, Қожабаев Нартай, Бимағамбетов Әль-фараби, Шүйншалы Жансерік т.б келешегінен үміт күттіретін спортшылар шоғыры өсіп келеді. Ауданымызда кәсіби спортпен қатар бұқаралық спорт, дене тәрбиесіне лайықты түрде көңіл бөлініп келе жатыр. Сондықтан мемлекетіміз бұқаралық спортты дамыту бағдарламасын қабылдады. Осы тұрғыда жүйелі түрде халықтық спорт ойындары, жас жеткіншектер арасында көптеген жарыстар өткізілуде. Ауданда жылдық жоспарға байланысты Президенттік көпсайыстар, мектеп оқушыларының, мүгедектердің, мемлекеттік қызметкерлердің, ардагерлердің спартакиадалары, аула командаларының жарыстары, «Денсаулық фестивалі», «Ақбидай» спартакиадасы дәстүрлі түрде өткізіліп отырады. Сонымен қатар шахматтан Р.Қалиевті еске алу турнирі, қазақ күресінен Социалистік Еңбек Ерлері Т.Кішкентаев, Ш.Ырғызбаев атындағы, Қарабұтақ селосында Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Ж.Есентемиров атындағы турнирлер, волейболдан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген кенші, ауданның Құрметті азаматы Ә.Дәрменбаев, Т.Мәмбетов атындағы, футболдан Социалистік Еңбек Ері Б.Алтаевтың құрметіне арналған жарыстар, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» іріктеу жарыстары жылда өткізіледі. В.Ф.Галуцкий, В.Степочкин, А.Жиенгалиев, А.Балманов, Б.Касымкулов, Р.Калиев, Б.Карашин, В.Волошин, А.Дабылов, Р.Қожалепесов, Р.Биғабылов, Б.Ракашев, А.Зинулин, М.Есенгулов, Қ.Қыдыралин сияқты ардагерлердің аудан спортының дамуына қосқан үлесі өлшеусіз.
Салауатты ел –санаттағы ел. Әлемді жегідей жайлаған нашақорлық, маскүнемдік, діни экстремизм, құрт ауруы, жүрек қан тамыр ауруларынан құтқарар бірден бір жол ол-спорт, дене тәрбиесі.