Қарттарым - асыл қазынам

Құмқұдық ауылдық округінде 1 қазан -Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік кеш өтті.
1 қазан - Халықаралық қарттар күні. Ізгілік пен құрметке негізделген атаулы мерекеге Құмқұдық ауылдық округі мәдениет үйінде «Қарттарым - асыл қазынам» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Қарияларды құттықтай келгендердің қатары қалың болды. Олардың арасында Құмқұдық ауылдық округінің әкімі М.К.Алибаев, қоғамдық кеңесінің мүшесі Амитов Бахи, «Қарашатау» орта мектебінің директоры А.Биханова алдыңғы аға буынды құттықтап, сөз сөйледі. Кеш басында ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңғаров Шакимарат және әйелдер кеңесінің төрайымы Шоқбарова Алуа әжемізге шапан жауып, арнайы сыйлықтар табыстады. Мерекелік кеште Қарашатау орта мектебінің оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері өлең шумақтарын оқып, ән айтып өздерінің алғыстарын білдірді. Концерттік бағдарламадан соң мереке иелеріне дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар, мекеме басшылары мерекелік кешке келе алмаған қарт кісілердің үйін аралап, құттықтауларын білдіріп, сый-сияпаттарын ұсынды.
Тағдыр тауқыметін тартқан қам көңіл жандарға құрмет көрсету арқылы кейінгі жас ұрпақты мейірімділікке үндейтін іс-шараның тәрбиелік маңызы зор.
Ақпарат әзірлеген: Құмқұдық ауылдық округі жетекші маманы А.Кожаева