Оңайлатылған декларация бойынша салықтарды есептеу

2018 жылға Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміне енгізілген өзгерістер
1. Салықтарды оңайлатылған декларация бойынша есептеуді салық төлеуші салық салу объектiсiне есептi салықтық кезең үшін 3 пайыз мөлшерiндегi мөлшерлемені қолдану арқылы дербес жүргiзедi.
2. Егер есепті кезеңнің қорытындылары бойынша жұмыскерлердiң орташа айлық жалақысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салықтық кезеңнің бірінші күніне қолданыста болатын ең төмен жалақының, дара кәсiпкерлерде – кемiнде 2 еселенген, заңды тұлғаларда кемiнде 2,5 еселенген мөлшерін құраса, осы баптың 1-тармағына сәйкес салықтық кезең үшін есептелген салық сомасы жұмыскерлердiң орташа тiзiмдiк саны негiзге алына отырып, әрбiр жұмыскер үшiн салық сомасының 1,5 пайызы мөлшерiндегi сомаға азайтылу жағына қарай түзетiлуге жатады.
3. Осы Кодекстің 683-бабында белгіленген арнаулы салық режимін қолдану талаптарына сәйкес келмеу жағдайлары туындаған кезде, салық төлеушінің жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті немесе өзге де арнаулы салық режимін қолдану басталған күннен бастап алынған кірісі тиісінше жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен немесе өзге де арнаулы салық режимінде белгіленген тәртіппен салық салуға жатады.
Оңайлатылған декларацияны тапсыру мен салықтарды төлеу мерзімдері
1. Оңайлатылған декларация салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмей тапсырылады.
2. Оңайлатылған декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу жеке (корпоративтік) табыс салығы мен әлеуметтiк салық түрiнде есепті салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 25-күнінен кешіктірілмей жүргiзiледi.
Бұл ретте жеке (корпоративтік) табыс салығы – оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерiнде, әлеуметтiк салық «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар сомасын шегергендегі оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының1/2 мөлшерiнде төленуге жатады.
Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар сомасы әлеуметтiк салық сомасынан асып кеткен кезде әлеуметтiк салық сомасы нөлге тең деп есептеледі.
3. Оңайлатылған декларацияда төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің бюджетке төленуге жататын сомалары көрсетіледі.
Жекелеген салық түрлері мен әлеуметтік төлемдерді есептеу, төлеу және олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну
Оңайлатылған декларацияның негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының сомаларын есептеуді, төлеуді және әлеуметтік төлемдерді аударуды жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізеді.
Бұл ретте төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің есептелген сомалары осы Кодекстің 688-бабында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде тапсырылатын оңайлатылған декларацияда көрсетіледі.
Әйтеке би ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы «Ақпараттарды қабылдау және өңдеу бойынша орталығы» және кедендік одақ бөлімінің бас маманы Куккузов Е.Н.