Әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алу бойынша әлеуметтік көмек тағайындау қызметі

Әлеуметтік сала мамандарының назарына! Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 279 бұйрығымен "Ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алу бойынша әлеуметтік көмек тағайындау" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты (бұдан әрі-стандарт) бекітілген. Стандартқа сәйкес қызметті Мемлекеттік корпорация (Халыққа қызмет көрсету орталығы) арқылы немесе тікелей Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы алуға болады. Ол үшін төмендегідей құжаттар топтамасы қажет:
1) жеке басты куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
2) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тіркелгенiн растайтын құжат (мекенжай анықтамасы не ауыл әкімдерінің анықтамасы);
3) жұмыс орнынан анықтама;
4) екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларын жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар ұйымдарда дербес шоты бар екенін растайтын құжат.
Қызметті көрсету мерзімі құжаттар тапсырылған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күнін құрайды. Әлеуметтік көмек ретінде берілетін бірреттік жәрдемақы көлемі 5 АЕК-ті (айлық есептік көрсеткіш) яғни 12025 теңгені құрайды.