ТЕМІР НАРКОМ ТАРИХИ ДРАММАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

«Адал жол – честный путь» марафоны одан әрі белгілі драматург-жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың «Темір нарком» тарихи драмасымен жалғасты. Тарихи драмманы ауданымыздың «Замандас» халықтық театры сахналады. Бұл премьера кеңестік заманның бұлғақты кезеңінде халық ағарту комиссары қызметінде жүріп ұлттың рухын оятуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің қилы тағдыры жайында болды. Отыз жетінің саяси қуғын-сүргінінің құрбанына ұшырағандығы, халқымыздың аяулы ұлының халық жауы ретінде атылып кеткенін тамашалаған көрермендер көздеріне жас алды. Өйткені бұл қойылымдағы оқиғалардың бәрі кешегі кеңестік заманнан бізге жеткен нақты деректі жазбалармен үндесіп қана қоймай, мүлде беймәлім сырларға да көз ашты. Көрермендер әке мен баланың, яғни Темірбек пен Қараның арасындағы диалогтан осы жайларды анық аңғарды деп ойлаймыз. Өзі адал қызмет еткен кеңестік қоғамның жақсылыққа бастайтынына қылаусыз көңілмен сенген Темірбек әке мен баланы, ұлтты тапқа бөлген құйтырқы саясаттың құрбаны болады. Бұл жерде Абай сынаған ұлтымыздың бойындағы жақсыны көре алмаушылық, қызғаншақтық, сатқындық сынды жағымсыз қасиеттері де аз роль атқармайды. Қойылымның режиссері Ш.Бекназарова шығарманың тартымды сахналануы мен кеңестік сұрқай заманның суық лебін сездіретін сахналық көріністер мен киімдерді жақсы таңдаған. Жалпы премьераға қатысқан актерлердің қай-қайсысы да өздеріне жүктелген ролдерді жақсы алып шықты. Мұны премьера соңында көрермендердің ыстық ықыласы байқатты.