Ақтөбеде цифрлық қызметтер орталығы ашылды

«Азаматтарға арналған үкімет» Ақтөбе қаласында екінші цифрлық ХҚО ашты. Бұған дейін мұндай орталық Халықтық кеңсе жанынан ашылып, жұмыс істей бастаған болатын.
«Мемлекеттік корпорация республика бойынша жаңа үлгідегі фронт-офистердің қатарын көбейтуде. Бұл орталықтардың жұмысы толығымен автоматтандырылған.
Мұнда азаматтар өз бетінше, операторлардың көмегінсіз қажетті қызметтерді алып, өзінің цифрлық сауаттылық дағдыларын арттыра алады. Арнайы жабдықталған оқыту сыныптарында кез келген қызметалушы egovkzbot2.0 телеграмм-бот және eGovMobile мобильді қосымшасын пайдалануды үйреніп, цифрлық дағдыларын жоғарылата алады. Оқыту кестеге сәйкес сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жүргізіледі»,- деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ерлан Карастеков.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында ХҚО операторлары арқылы рәсімделген өтінімдер саны азайған. Бұл азаматтардың қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы өз бетінше алуларына байланысты болып отыр. Мәселен, жыл басынан мемлекеттік корпорацияның филиалы 1 млн 200 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның 700 мыңнан астамын ақтөбеліктер өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы электронды түрде алған, 400 мыңнан аса тұрғын ЭЦҚ алып, 453 мың азамат мобильдік азаматтар базасына тіркелді.
Жаңадан ашылған цифрлық қызметтер орталығы Тургенев көшесі,109 мекенжайында орналасқан.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ
Ақтөбе облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі
Тел.: 8 775 485 43 67
Мустафина Асель Сагингалиевна