Спорт-сенің серігің

Біздің ата-бабаларымыз: "тәні саудың - жаны сау" - деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен болсын айналысу әр адамның жеке қабілетіне байланысты болмақ. Елбасы Н.Назарбаев өзінің "Қазақстан - 2030" стратегиялық бағдарламасында халықты салауатты өмір салтына қарай бағыттауды басты мақсат етіп атап көрсеткені және белгілі. Сонымен қатар биыл елімізде Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін тойлау, Қазақстанның әр қаласында жүзеге асып жатқаны тағы бар. Осы орайда Әйтеке би ауданында Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін тойлау мақсатында волейбол спорт түрінен "Әйтеке би ауданының ашық біріншілігін" аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды. Аталған жарысқа аудан орталығымен қатар әр ауылдық округтерден командалар келіп, өзара бақ сынасты. Жарысқа барлығы 8 команда қатысуға өтініш білдірді. Жарыс соңында аудан әкімінің орынбасары Н.Нажмадинов келген командаларға ақ жарма ақ тілегін білдіре келіп, ойын нәтижесі бойынша жүлделі 3-орынды місе тұтқан "Аралтөбе" командасын, күміс алқа таққан "Комсомол" командасын сондай-ақ осы жарыстың бас бәйгесін жеңіп алған, ауданның, облыстың намысын байрақты бәсекелерде абыроймен қорғап жүрген Тереңсай ауылынан келген "Северный" командасын марапаттады. Жеңімпаз командалар мадақтама қағаздарымен, алқалармен және кубоктармен марапатталды. Осы жарыста "Үздік қорғаушы" номинациясымен Аралтөбе ауылының намысын қорғаған Мұратов Жеңісбек марапатталса, "Үздік ойыншы" номинациясымен Тереңсай ауылынан келген "Северный" командасының ойыншысы Танбаев Шыңғыс және Комсомол ауылының жас спортшысы "Үздік шабуылшы" номинациясымен Сорокин Артур марапатталды. Жарыс соңында аудан әкімінің орынбасары Н.Нажмадинов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Р.Ермағанбетов және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қ.Надиров жарысқа қатысқан барлық командаларға рахметін жылы лебізімен аяқтады.
"Спорт-сенің серігің,Жанға дауа, қолға күш.Сергітетін адамды-Қимылменен қозғалыс" - дегендей әрқашан ашық аспан астында спортпен шұғылданыңыздар дегіміз келеді!!!